Алматыда Кеңес Одағының Батыры Василий Бенберин тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда Кеңес Одағының Батыры Василий Бенберин соңғы 20 жылдай тұрған, Зенков көшесі бойындағы №77-ші тұрғын үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

Алматыда Кеңес Одағының Батыры Василий Бенберин тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды (ФОТО)

«Бүгінгі шара мемлекеттің ардагерлерге деген қамқорлығының айқын көрінісі. Менің әкем қазақ даласында туды. Соғыстан кейін туған жерге оралды. Көптеген жарақаттарына қарамастан, талай жыл еңбек етті. Ол бізді адамгершілікке,бауырмалдыққа баулыды. Ал батырлардың есімін мәңгілікке есте сақтау шарасы - елімізде патриотизмнің нығая түсуіне септігін тигізеді» - деді батырдың ұлы Валерий Бенберин.

Оның айтуынша, әкесі 44-ші гвардиялық танк бригадасының барлаушы танкінің командирі болған екен. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылдың 27 ақпанындағы Қаулысына сәйкес, гвардиялық кіші лейтенант Василий Бенберинге неміс басқыншыларымен күресте көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин және «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталған.

«Әкем алты жарақат алған. Одер өзенінен өтерде қолынан айырылды. Жанып жатқан танктен секіріп түсіп бара жатқан сәтте тиген мерген оғы қолына тиген. Ол Берлинге 60 шақырым жете алмай қалды. Жеңісті госпитальда жатып қарсы алды. Үйге 1947 жылы оралды» - деді В. Бенберин.

Оның айтуынша, әкесі өзінің дәл қай күні туғанын білмепті. Ал атасының айтуынша шамамен мамыр айында туған көрінеді. Соғыстан аман оралған соң әкесі туған күнін жыл сайын 9 мамырда атап өтетін болған. Тірі болғанда биыл 97 жасқа толатын еді.