Алматыда кесте бұйымдары көрмесі ашылды

АЛМАТЫ. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы Мемлекеттік орталық мұражайда «Мұражай қорындағы кесте бұйымдары» атты көрме ашылды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көрмені мұражай қызметкерлері ұйымдастырып отыр. Шараның мақсаты халықтық қолөнер бұйымдарын насихаттау мен елімізде тұрып жатқан әр түрлі ұлттардың қолөнерін қайта жаңғыртуға бағытталған.

Кесте халықтық-қолданбалы өнердің көпшілікке мәлім және ерекше дәстүрлі түрі болып табылады. Оның пайда болуы алғашқы қауымдық құрылыс мәдениетіне жататын аң терісінен тігілген киімнің жасалуымен байланысты.

«Кесте тігу ұқыптылық пен төзімділікті қажет ететін қиын өнер. Онда әр халықтың көркемдік талғамы, ұлттық өзгешелігі мен шеберлігі жатыр. Біз бүгінгі көрмеге кесте өнерінің озық үлгілерін қойып отырмыз. Бұл көрме көрермендерге қолөнер шеберлерінің қажырлы еңбегін көрсете алады деген сенімдемін», деді ашылу салтанатында сөйлеген мұражайдың қор сақтау тобының жетекшісі Әлия Рахманқұлова.

Көрмеге қазақтар мен Қазақстанда тұратын өзге халықтардың ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдағы кесте бұйымдары қойылған. Онда қазақтардың қолмен кестеленген шапандары, кимешектері, бешпенттері мен дастархандары және киіз үй жасаулары бар. Сонымен қатар, мұнда алғаш рет ҚР МОМ қорындағы орыс, татар, дүнген, мордва және басқа да халықтардың кесте өнерінің айрықша үлгілері көрсетілуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме қыркүйек айына дейін жалғасады деп жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар