Алматыда ҚХР-дың Тяньцзинь қаласынан келген өнерпаздар ерекше бағдарламаларымен көрерменді тәнті етті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы және ҚР Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен «Ұлы Жібек жолы - Қытай мәдениетінің күні» атты іс-шара өтті.

Алматыда ҚХР-дың Тяньцзинь қаласынан келген өнерпаздар ерекше бағдарламаларымен көрерменді тәнті етті

Шара аясында Қытайдың орталыққа бағынатын ірі шаhарларының бірі - Тяньцзинь қаласының өнер қайраткерлерінің қатысуымен концерт болды.

Онда Ли Хун, Ван Хумина, Чжао Цзин сынды мемлекеттік І дәрежелі әртістер және басқа да өнер майталмандары қытай халық әндерін, музыкаларын, Бейжің операсын және Қытайдың басқа да жергілікті музыкалық драмаларын орындады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараны өткізудегі мақсат - қытай халқының дәстүрлі мәдениетін қазақ жұртшылығына кеңінен таныстыру және екі көршілес халықтың өзара достығын нығайту.

«Қытай мәдениетінің күні Қазақстан мен Қытай мәдени ынтымақтастығы және Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуін нығайту аясында өткізіліп отыр. Ұлы Жібек жолы аясындағы ынтымақтастық бұл - тек сауда, экономика, инвестиция немесе телекоммуникация саласындағы байланыстар емес, сонымен қатар гуманитарлық саладағы ынтымақтастық. Өйткені, Қытай мен Қазақстан - әріптес. Ұлы Жібек жолы екі халықты талай ғасырдан бері байланыстырып келді. Сондықтан, осындай шаралар екі ел арасындағы достықты одан әрі нығайта түседі деген сенімдемін», - деді өз сөзінде ҚХР Алматыдағы Бас консулы Чжан Вэй.

Шара барысында Ұлттық кітапханада «Tempo of China» деп аталатын фотокөрме ашылды. Онда көрермен назарына 60 фотосурет ұсынылды. Оларда қытайлықтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі, қазіргі дамып жатқан қалалар мен ауылдар бейнелеген.