Алматыда «Киіз үй күні» атап өтілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда жоғары оқу орындарының бірінде «Киіз үй күні» атап өтілді.

Алматыда «Киіз үй күні» атап өтілді

«Бұл үлкен танымдық шара! Бүгін қала тұрғындары келіп, киіз үй тұрғызуға қатысып, көшет отырғызып, қазақтың ұлттық тағамдарынан: бауырсақ, қымыз, шұбаттан дәм татты. Біздің бүгінгі «Киіз үй» мерекесінде 10 үй тігілді. Міне, осы шараға келгендер қазақтың киіз үйінің қандай бөліктерден тұратындығымен танысып жатыр. Құнды мәліметтер алды», - деді осы мерекелік шараның ашылу салтанатында Халықаралық Бизнес Академиясының ректоры Асылбек Қожахметов.

Бүгін сонымен қатар, осы жоғары оқу орны аумағында қалалық «Алма-Qala - бақша-қаланы қайта өркендетеміз» шарасы аясында көшеттер отырғызылды.

«Сиверс» сұрпы бойынша 10 көшет отырғызылды. Бұл шараға студенттер мен оқытушылар қатысты. Жалпы, көшет отырғызу - жаңа өмірдің басталғандығының, болашаққа ұмтылудың тағы бір символы болып табылады» - деді Халықаралық бизнес академиясының қоғаммен байланыс орталығының директоры Нүрия Хасанова.

Аталмыш шараға «Алма-Qala» қозғалысының директоры, Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерлан Стамбеков пен қазақстандық франчайзинг қауымдастығының вице-президенті Бекнұр Қисықов қатысты.