Алматыда кілем жуамын деп суға кеткен əйелдің денесі табылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Үлкен Алматы каналына кілем жуғалы барғанда суға ағып кеткен əйелдің денесі 4-ші тəулік дегенде табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Алматыда кілем жуамын деп суға кеткен əйелдің денесі табылды

«27 шілдеде кешкі 17:55 шамасында 32 жастағы əйелдің денесі құлаған жерінен 33 шақырым қашықтықтан табылды. Əйел Үлкен Алматы каналына абайсызда құлап кеткен болатын. Марқұмды іздестіруге ТЖД мамандары мен республикалық құтқару жасағының сарбаздары, еріктілер жұмылдырылған болатын»,- дейді ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов. 

Айта кету керек, қайғылы оқиға 23 шілдеде болған еді. 32 жастағы Əсия Мұсаева Үлкен Алматы каналына жолдасымен бірге кілем жууға барған болатын. Келіншектің аяғы абайсызда тайып кетіп, суға құлаған. Оның жолдасы артынан шамамен бір шақырымға дейін жүзіп барған. Бірақ жете алмаған соң амалсыз жағаға шыққан. Келіншектің артында 2 баласы қалды. Үшіншісіне жүкті болған.