Алматыда кісі өлтіріп, жапондық автокөліктерді ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды - ІІМ
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Алматыда кісі өлтіріп, жапондық автокөліктерді ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды.
Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Олар 2007 жылы қарашаның 21-і күні Алматыда сауықтыру кешенінің автотұрағына еніп, 73 жастағы күзетшінің қол-аяғын, аузын скотчпен байлап, «Тойота Прадо» көлігін иемденіп кеткен. 73 жастағы күзетші оралған скотчтан тыныс ала алмай көз жұмды.
Сонымен қатар әлгілер Алматы қаласының тұрғыны, 20 жастағы қызды тонап, оның Лексус көлігін күшпен тартып алып кеткен.
Ақпан айында Криминалдық полиция басқармасына аталған қылмыстық топ жайында жедел ақпарат келіп түсті. Наурыздың 3-і күні үш адамнан құралған қылмыстық топ ұсталды. Топ 1988 жылы туған, Алматы және Жамбыл облыстарының тұрғындары болып шықты.
«Ұрланған автокөліктердің тұрған жері анықталуда. Қылмыстық топтың осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», дейді Қ. Жұманов.