Алматыда қоғам және мемлекет қайраткері М. Сужиков туралы кітаптың таныстырылымы болды

"М. Сужиков Ресей мен Қазақстанның мемлекет жүйесінің қалыптасуына өз ықпалын тигізген ірі қайраткер. Мұхамедғали Әленұлы 28 жасында Володар аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. ВКП(б) Орталық Комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін Ақтөбе облыстық компартиясының 1-ші хатшысы, 1951-54 жылдары Қазақстан Орталық комитетінің идеология саласындағы хатшысы, одан кейін Қызылорда, Семей, Қостанай облыстық компартиясының 1-ші хатшысы болды", дейді Қазақстан журналистер академиясының президенті, тарих ғылымының докторы Сағымбай Қозыбаев.
1910 жылы қыркүйектің 15-і күні қазіргі Астрахан облысы Воладар ауданы, Баклано-Лопатино ауылында өмірге келген М. Сужиков 1999 жылы тамыздың 12-сі күні дүниеден өткен болатын. КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты, КПСС ОК мен Қазақстан Компартиясның мүшесі болған Мұхамедғали Әленұлы ерен еңбегі үшін бірнеше ордендермен марапатталды. "Халқым деп соққан жүрегі" деп аталатын бұл кітап оның 100 жылдық мерейтойына арналып отыр. Ғұмырнамалық және мақалалар мен естеліктер жинағының құрастырушылары Ә. Бәкір және Б. Сужикова мен Ш. Сужикова.