Алматыда қоғамдық көлік рөліне мас күйінде отырғандар азаймай отыр
АЛМАТЫ. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда өткен тәуліктерде қоғамдық көлік рөліне мас күйінде отырған тағы 2 жүргізуші ұсталды .
Қалалық Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, жүргізушілердің бірін жол полициялары таңғы сағат 7-де Медеу ауданында тоқтатқан. Тексеру барысында оның қоғамдық көлікті есірткіге елтіген күйі басқарып бара жатқаны анықталған. Жүргізушінің сөзіне қарағанда, ол есірткіні 2 жылдан бері қолданады. Ал екінші жүргізуші өткен түні сыра ішкенін мойындаған. Алматы қалалық ІІД Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұқан Досымбаевтың айтуынша, есірткіге елтіген жүргізушіні автопарк басшылығы таңғы тексерусіз жұмысқа жіберген. Енді екі жүргізуші мен автопарк басшылығы жауапкершілікке тартылмақ.
Жалпы Алматыда апта сайын көлікті мас күйінде басқарған қоғамдық көлік жүргізушілерінің ұсталуы әдетке айналғандай. Жол полициясы басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілерінің қатысуымен үш мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. 18 жүргізуші мас күйінде ұсталған.