Алматыда қоғамдық көліктегі жолақы бағасы қымбаттайды

АЛМАТЫ. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда V  шақырылымдағы қалалық мәслихаттың V сессиясында депуттар қоғамдық көлікте жолаушылар мен жүк тасымалдаудың жол ақысын 80 теңгеге көтеру жөнінде бірауыздан шешім қабылдады.

Алматыда қоғамдық көліктегі жолақы бағасы қымбаттайды

Алайда, жеңілдікпен сатылатын жол ақысы билеттерінің құны өзгеріссіз қалады. Ол  оқушылар үшін - 850 теңге; студенттер үшін - 2250 тенге; зейнеткерлер үшін - 1500 теңге, ал жалпыға арналған  жол ақысы билетінің құны 4500 теңге.  Бұл баға қала маңына қызмет көрсететін Алматыдағы кәсіпорындардың көліктерінде де сақталады.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы қаласының жолаушылар тасымалдау кәсіпорындарының қауымдастығы қоғамдық көлікте жол ақысы бағасын 100 теңгеге  дейін өсіру жөнінде қала басшылығына бірнеше рет өтініш жасаған. Оған - шикізаттардың, қозғалмалы құрамға  қажет материалдардың, жанар майдың қымбаттауы түрткі болған. Мәселен  автомобиль отыны 88 пайызға, жағар май 104 пайызға,  қосалқы бөлшектер 64 пайызға, авторезиналар 89 пайызға, автобустарға қажетті заттар 40  пайызға, жалақы көлемі 56 пайызға өсті. Ал жолақы  тарифі соңғы рет 2008 жылдың маусым айында өзгерген болатын. Жалпы ҚР  «Автомобиль транспорты туралы» Заңы мен Жолаушыларды және жүктерді қоғамдық көлікте тасымалдау туралы тарифтер әдістемесіне сәйкес жергілікті атқару органдары әр 3 жыл сайын қаланың қоғамдық көлігінің жол ақысын қарауға құқылы.