Алматыда қоғамдық орындарда ұрлық жасаумен айналысқан 20 және 22 жастағы жігіттер ұсталды

АЛМАТЫ. 23 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда полиция қызметкерлері ірі сауда үйлері, дүкендер, дәмхана және басқа да халық көп шоғырланған кешендерде ұрлықпен айналысқан ұрыларды ұстады. Олар қолайлы сәтті пайдаланып келушілердің қалталары мен сөмкелерінен әмияндарын, сонымен қатар ұялы телефондарын ұрлаумен айналысқан.
None
None

«Сәбит, Жәнібек есімді 20 және 22 жастағы бұл жігіттер өздерінің соңғы қылмысын Гоголь көшесінің бойында орналасқан дәмханалардың бірінде жақын маңда орналасқан оқу орнының екі студенті таңғы асын ішіп отырған кезде жасаған. Олар ешкімге байқатпастан орындықтың арқалығында ілулі тұрған 316 мың теңге тұратын фотоаппараты бар сөмке мен жәбірленушілер 115 мың теңгеге бағалаған флэш-картаны жымқырып кетпек болған», - дейді Медеу аудандық Ішкі істер басқармасының бастығы Бақыт Қасабеков. Оның айтуынша, студенттер заттарының жоғалғанын 10 минут өткен соң аңғарып, бірден полицияға хабарлайды. Оқиға орнына келе жатқан тәртіп сақшыларының назарын жолдың шетінде жүгіріп бара жатқан екі жігітті көреді. Патрульдік экипаж қызметкерлері бірден оларды тоқтатып, тексеруді ұйғарады. Алайда полицейлерді көрген ұрылар ұрлаған сөмкені ішіндегі барлық заттарымен қоса лақтыра салып, бет-бетімен қашады. Ізге түсудің нәтижесінде күдіктілерді құрықталды. Әшкереленген қылмыскерлер құтылмақшы болған айғақ заттар процессуалдық негізде жедел-тергеу тобымен тәркіленді.

«Жәбірленушілер өз заттарын танып, міндетті тергеу іс-шарасы жүргізілгеннен кейін иесіне қайтарылды. Бұл аралықта, ұсталғандардың екеуі де аудандық ішкі істер басқармасына жеткізіліп, сол күні-ақ тергеушілермен бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұрын олардың ешқайсысы қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған Жәнібек Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы болса, оның серігі Алматы облысының Іле ауданынан болып шықты», дейді қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің инспекторы Гүлнар Жаманқұлова.

Соңғы жаңалықтар