Алматыда қоғамдық тамақтану орындарында газ баллондарын сақтау ережесі талапқа сай емес - мамандар

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда мамандар жыл басынан бері 649 нысанды тексерді. Нәтижиесінде 235 қоғамдық тамақтану орны газ баллондарын сақтау ережесін бұзғаны анықталды.

Алматыда қоғамдық тамақтану орындарында газ баллондарын сақтау ережесі талапқа сай емес - мамандар

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Қажин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері 58 сауда базары, 56 сауда орталығы, 535-ке жуық қоғамдық тамақтандыру нысаны (10-нан 100 орынға дейін), оның ішінде 235 нысанда газ баллондарын талаптарды бұза отырып пайдалану фактілері анықталды», - деді спикер.

Нұрбол Қажиннің айтуынша, соңғы жылдары мегаполистегі мейрамхана бизнесінің иелері ашық алаңдарда, террассада, көшедегі кафеде жергілікті жылытуға арналған сыртқы инфрақызыл газ жылытқыштарын пайдаланатын болған.

Сонымен қатар, Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілі парк ресурсы жаңартылмағандықтан, баллондарды пайдалану қаупі жыл сайын артып отырғанын айтты. Алматы қаласында пайдаланылып жүрген баллондардың қызмет ету мерзімі орта есеппен 30 жылдан асты.

«Сұйытылған газ нарығында бөлшек сауданы газ желілерінің ұйымдары мен газ толтыру станцияларының иелері жүзеге асыруы керек, олар тұрмыстық баллондардың жақсы техникалық жағдайын, олардың апаттық және жоспарлы қызмет көрсетуін қамтамасыз етуі тиіс», - деп атап өтті ол.

Ашық көздерден алынған фото