Алматыда «Көк базар» аумағындағы көлік қоятын орындар кеңейтілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының «Көк базар» аумағында Мақатаев көшесінің бойындағы (Пушкин мен Қалдаяқов көшелерінің аралығы) көлік қоятын орындар кеңейтілді.
Бұл туралы бүгін «Алматы спецпаркинг сервис» ЖШС хабарлады.
«Алматының бірыңғай автоматтандырылған ақылы автотұрақ жүйесі аймағына тағы 108 көлік қоятын орын қосылды. «Көк базар» аумағы, яғни Мақатаев көшесінің бойындағы (Пушкин мен Қалдаяқов көшелерінің аралығы) көлік қоятын кеңістік одан әрі кеңейтілді», - делінген хабарламада.
Осылайша, «Көк базар» аумағын автоматтандырылған ақылы автотұрақ жүйесімен қамту жұмыстары жалғасуда. Автотұрақ кеңістігі операторының мәлімдеуінше, автокөлік жүргізушілерінің көпшілігі паркомат арқылы есеп айырысуды меңгеріп алды.
«Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС іске кіріскелі күні бүгінге дейін көлік қоятын 425 орны бар бес автотұрақты пайдалануға берді. Жобаны әзірлеушілер жүйені пайдаланушылар үшін алғашқы ниеттестік бағдарламасын жүзеге асырды. Мобильді қосымшаны тіркегендерге көлікті автотұраққа тегін қоюға 1200 сағат берілді. Акцияға 600-ге жуық автоәуесқойлар қатысты. Олардың әрқайсысына көлікті автотұраққа тегін қоюға 2 сағаттық уақыт берілді.
«Біз ниеттестік бағдарламасын тұрақты түрде жүзеге асырып отырамыз. «Алматы спецпаркинг сервис» компаниясы пайдаланушылардың автотұрақтық шотындағы толтырылған кез келген соманы 50 пайызға арттырады», - деді «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС техникалық жетекшісі Роман Налепов.
Акция 16 тамыздан 1 қыркүйекке дейін ұзартылды. Ақылы автотұрақтың бір сағаты - 100 теңге тұрады. Алғашқы 15 минут - тегін.