Алматыда көктайғаққа қарсы 3 мың тоннаға жуық қоспа шашылды
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, көктайғақтың алдын алу мақсатында коммуналдық қызметтер жолдарға 2856 тонна құм мен тұз қоспасын шашып шықты.
Қар күреуге түнгі кезеңде 414 техника, оның ішінде 126 құмшашқыш, сондай-ақ 379 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Бүгін таңертең қала көшелеріне 452 техника мен 1280 жұмысшы шықты.
Аудан әкімдіктері мен қала әкімдігінде қар күреуді бақылау бойынша тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылды.
Қазгидромет болжамына сәйкес, бүгін күндізгі уақытта жауын-шашын болмайды. Ауа температурасы күндіз – 0...+2 градус.
«Қардың түсуіне және ауа температурасының төмендеуіне, тұманға, жолдар мен тротуарлардағы ауа ылғалдылығының жоғарылауына байланысты көктайғақ, мұз пайда болады деп болжануда. Жүргізушілерді апаттар қаупінің жоғарылауына байланысты жылдамдықты төмендетуге, автомобильдер арасындағы қашықтықты арттыруға және маневр жасаудан аулақ болуға шақырамыз. Жаяу жүргіншілерден тротуарларда жүргенде абай болуды, шұғыл қажеттіліксіз үйден шықпауды сұраймыз»,- делінген хабарландыруда.