Алматыда көктемгі әскерге шақыру науқаны аяқталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 2023 жылдың көктемгі әскерге шақыру науқаны бүгін аяқталды. Оның қорытындысы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті заң қызметінің басшысы Дәуренбек Шегебаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің сөзінше, жыл соңына дейін Алматы қаласы бойынша 2 500-ге жуық адамды шақыру жоспарда бар.
«Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жылына екі рет, наурыздан маусымға дейін және қыркүйектен желтоқсанға дейін жүргізіледі. 2023 жылғы көктемгі әскерге шақыруды қорытындылай келе, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне, ҚР Қарулы Күштеріне, Мемлекеттік күзет қызметіне және ҚР ІІМ Ұлттық ұланына 1 200-ге жуық азамат шақырылғаны анықталды. Осы жылдың соңына дейін Алматы қаласы бойынша 2 500-ге жуық адамды шақыру жоспарланып отыр», - деді Дәуренбек Шегебаев.
Спикер әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру мынадай негіздер бойынша берілетінін еске салды:
- отбасылық жағдайға байланысты (отбасы мүшелерінің біріне қарайтын, мүгедек жан бар болса, неке тұрып, бір немесе екі баласы болса);
- оқуын жалғастыру үшін (қашықтан оқығанда қоспағанда, оқу оқыған кезінде);
- денсаулығына байланысты (шақыру комиссиясының шешімімен);
- басқа да себептерге байланысты (оларға қатысты анықтау жүргізілетін құқық қорғау органдарына түсетін педагогтерге, дәрігерлерге, депутаттарға, ұшу экипаждары мен кемелерінің мүшелеріне).
«Қолда бар әлеуметтік пакет: тұрақты жалақы, тегін медициналық қамтамасыз ету, ерте зейнетке шығу, заттай қамтамасыз ету және жеке тұрғын үй сатып алу үшін тұрғын үй төлемдеріне қарай, мерзімді әскери қызметтен кейін келісімшарт негізінде қызметте қалуға ниет білдірген азаматтар аз емес», - деп толықтырды ол.
Сонымен қатар ол әскери қызметтен жалтарғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
«Әскери қызметті орындаудан жалтарған адамдарды іздестіруді ішкі істер органдарының қызметкерлері жүзеге асырады. Олар азаматтарды тоқтатып, олардың құжаттарын тексеруге құқылы. Егер шын мәнінде азаматтың болу орны бойынша әскери есепте тұрмайтыны анықталса, әкімшілік кодексте ол жеті күн ішінде әскери есепке тұруы тиіс деп көзделген. Бұл адамдар іс жүзінде жергілікті әскери басқару органдарына жіберіледі және хабарланады. Біз тиісінше әкімшілік ықпал ету шараларын қабылдаймыз және адам одан әрі тексеріледі. Әскери қызметтен жалтарған адамдар анықталып, жалпы негізде бөлінеді. Шектеулер жоқ, олар үшін белгілі бір санат жоқ. Барлық азамат заң алдында тең. Олар заңнамада көзделген тәртіппен қызмет өткеріп жатыр», - деді спикер.