Алматыда «Көктемнің қайырымды аптасы» акциясы басталды

АЛМАТЫ. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін «Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» Жастар қанаты мен Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімдігі бірігіп Ұлы Жеңістің 65-жылдығына орай «Көктемнің қайырымды аптасы» акциясының ашылғандығын жариялады,

Алматыда «Көктемнің қайырымды аптасы» акциясы басталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұйымдастырушылар аталмыш шараны Әлия мен Мәншүк ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен бастады. Мамырдың 4-9-ы аралығында өтетін акция барысында 920 «Жас Отан» мүшелері аудандағы 449 соғыс ардагерінің тұрғылықты жерлерін тазалау, азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, коммуналдық төлемдерді төлеу сияқты тағы басқа шаруаларын орындап, қамқорлық көрсететін болады.

Сондай-ақ шара аясында Б.Момышұлы атындағы әскери-кәсіптік мектептің сарбаздары Әлия мен Мәншүк ескерткішін Мамырдың 9-на дейін қарауылдап, мерекелік күндері құрметті еске алу кезекшілігін орындайтын болды.

Алмалы ауданының әкімі Марат Пірінбеков жиылған жұртты Ұлы Жеңістің 65-жылдығымен құттықтап, өзінің ізгі тілегін білдірді.

«Мамырдың 9-на арналған көптеген шаралар өтуде. Ал бүгінгі акция 2-3 жылдан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі шара. Осы мейрамның алдында ауданымызда тұрып жатқан соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, жылы ілтипат білдіре отырып жастарға жақсы тәлім-тәрбие берсек деген мақсатта осы шараны ұйымдастырып отырмыз», дейді аудан әкімі.