Алматыда «Көктөбе» аспалы жолы ашылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда «Көктөбе» аспалы жолы ашылды. Оның ашылу рәсіміне қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты.
Естеріңізге сала кетелік, аспалы жол 2014 жылы жабылып, онда күні бүгінге дейін күрделі жөндеу және қайта жабдықтау жұмыстары жүргізілген болатын.
Енді аспалы жолда 8 адам сиятын 17 жайлы кабиналар жұмыс істейтін болады. Жаңа жабдықтар Франциядан жеткізілген.
Жаңа аспалы жолдың ұзындығы - 1620 метрді құрайды. Өткізу мүмкіндігі - сағатына 750 адам. Төменгі стансадан жоғарғы стансаға дейін жүріп өту уақыты - 5 минут. Бір бағыттың билет құны - 1000 теңге.
Сондай-ақ, Көктөбедегі көзбен шолу доңғалағы да пайдалануға бүгін берілді. Оның диаметрі - 30 метр. Сыйымдылығы - 120 адам. Онда 20 жабық кабиналар орнатылған. 8 минутқа созылатын бір айналымда бүкіл қаланы тамашалап үлгеруге болады.