22:15, 15 Шілде 2017 | GMT +5
Алматыда қоқыс таситын көлік өртеніп кетті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жанар-жағармай стансасында қоқыс таситын көлік жанып кетті. Өрт Солтүстк айналма жол жол ауданында «Метро» дүкені маңында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі оқиға орнынан.

Алдын ала жасалған болжам бойынша, өртке электр жүйесінің ақауы себеп болған. Бірақ нақты себебін ІІД-і анықтайды. Қоқыс таситын көлік жүргізушісі зардап шекпеген, дәрігерлердің көмегіне жүгінуден бас тартқан.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті 101 қызметіне өрт туралы хабар сағат 20:34-те түскенін айтты.
«Өрт туралы хабардан кейін, 5 минуттан соң 20:39-да өрт сөндірушілер оқиға орнында болды. FAW маркалы қоқыс таситын көлігі өртеніп жатқаны туралы ақпарат расталды. Өрт аумағы 15 шаршы метр. Жалын сағат 20.46-да ауыздықталып, 21.03-те сөндірілді», - деді ТЖД өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.