Алматыда көлік айналарын ұрлау дерегі 2,4% қысқарды - полиция
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қалалық Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың халықпен есепті кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Полиция басшысының айтуынша, үш айда қалада 16 206 қылмыс тіркелген. Оның 1652-сі әшкереленді.
«Полиция департаменті құқық қорғау органдарының жұмысын жақсарту мақсатында кешенді шаралар ұйымдастырып отыр. 3 айда пәтер тонау - 41,3%-ға, ұрлық - 2,1%-ға, ұялы телефон ұрлығы 24,8%-ға, қара және түсті метал ұрлығы - 31%-ға, көлік айналарын ұрлау - 2,4%-ға, адам зорлау қылмысының көрсеткіші 8,3%-ға төмендеген», - деді Серік Күдебаев.
Оның айтуынша, 2018 жылы 6570 қылмыс ашылған. Осы уақыт аралығында Алматы полициясы 4 мың қылмыскерді ұстап, 118 топтың жұмысын әшкереледі.