Алматыда көлік ұрылары ұсталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда үш көлікті айдап әкеткен ұрылар ұсталды. Қалалық полиция департаменті күдіктілердің мойнында ресми түрде дәлелденген үш дерек барын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Күдіктілер ұсталды. Негізгі айыпталушының жасы 33-те. У. есімді күдікті автомобильдердің есігін ашумен айналысады. Ұрланған көліктерді жасырып, басқа жаққа айдап баруға көмектеседі. Оның сыбайласы - К. есімді күдікті, жасы 29-да. Бұл «дуэттің» Алмалы және Медеу аудандарынан үш көлікті ұрлағаны анықталды. Жоғалған автолар табылды және өз иелеріне қайтарылды», – деді Алматы қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Тергеу барысында айыпталушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция ұсталғандардың осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Айта кетейік, жуырда Орал қаласында пәтерден 5 млн. теңге жымқырған ұрылар ұсталған еді.