Алматыда көліктеріне есірткі тиеп алған екі жүргізуші ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда көліктеріне есірткі тиеп алған екі жүргізуші Алатау және Медеу аудандарында ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда көліктеріне есірткі тиеп алған екі жүргізуші ұсталды

Бірінші автокөлік бойынша полиция қызметкерлері таңғы жетіде Алатау ауданының «Ақсай» ықшамауданында күдіктінің көлігін тоқтатқан.

«Бұл – Д. есімді азамат басқарған Daewoo Nexia көлігі. Жолаушы 27 жастағы ер адам. Көлікті тексеру барысында қара және көк түсті изолентамен оралған 39 полиэтилен түйіншек табылды және тәркіленді. Оның ішінде өзіне тән иісі бар ақ түсті ұнтақ тәрізді зат болды. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар синтетикалық мефедрон есірткісі екені анықталды. Жастар есірткі қоюшы ретінде қосымша табыс табатынын, тапсырыс танымал мессенджер арқылы қабылданатынын мойындады. Ұсталғандардың іс-әрекеттері тергеумен ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 5-тармағы бойынша сараланады. Олар тұтқындалды. Бұл есірткі қылмысы үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деді Алматы қаласы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.

Екінші автокөлік бойынша Медеу ауданындағы Оспанов көшесінің бойында полицейлер тағы бір күдікті көлікті тоқтатқан. Toyota Camry көлігін 32 жастағы К. есімді азамат басқарған.

«Көлікті тексеру барысында қара изолентамен оралған 4 полиэтилен түйіншек табылды және тәркіленді. Оның ішінде өзіне тән иісі бар ақ түсті ұнтақ тәрізді зат болды. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар аса ірі салмақтағы синтетикалық мефедрон есірткі заты болып шықты. Ер адамның есірткіні қандай мақсатта сақтағанын және тасымалдағанын тергеу анықтайтын болады. Бәлкім, ол шөпті сатып, одан ақша тапқан болуы да мүмкін», – деді Ерлан Әлмағамбетов.