Алматыда көлікті тұраққа дұрыс қою ережесін бұзушылар көп
деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қаласы ІІБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Темір тұлпар иелері көбіне жаяулар жолын, балалар және спорт алаңдарын көлік тұрағына айналдырып алған. Осындай жағдайлар қаладағы көлік қозғалысының нашарлауына әкелуде.
«Өздеріңізге белгілі болғандай, жол полициясы ылғида «Тұрақ» жедел алдын-алу шараларын өткізіп келеді. Бұл шара көше бойындағы және үй алаңдарындағы көліктердің дұрыс қойылуын қадағалайды. Сонымен қатар жол полициясының инспекторлары көлік қоюға тыйым салынған жерге көлігін тастап кететін жүргізушілерді анықтайды», дейді Алматы қаласы ІІБ жол полициясы басқармасының жол-шолғыншы қызметінің бас маманы Мұхтар Бисенов.
Ағымдағы жылдың 17-23-ші ақпан аралығында өткізілген «Тұрақ» шарасында Алматы инспекторлары 300-ге жуық ереже бұзушыларды тіркеген, олардың 61-і қоғамдық көлік жүргізушілері. Заң шығарушылар осындай ереже бұзушыларға 9891 теңге көлемінде айыппұл кесуді ұсынып отыр.