Алматыда Конституция авторларының бірі, ҚР ҰҒА академигі Ғайрат Сапарғалиев дүниеден озды
АЛМАТЫ. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Елена Ильинская/ - Тәуелсіз Қазақстанның Конституция күнін тойлауға бір ай ғана уақыт жетпей, бүгін Алматы қаласында оның авторларының бірі, ҚР ҰҒА академигі Ғайрат Сапарғалиев кенеттен қайтыс болды.
Ғайрат Сапарғалиұлы тәуелсіз Қазақстанның заң ғылымының қалыптасуына, Ата Заңымыздың жасалуына белсене үлес қосқан айтулы тұлғалардың бірі. Онымен қатар оның қаламынан заң ғылымы саласына қатысты бірнеше оқулықтар мен зерттеу еңбектері жарық көрген. Ғайрат Сапарғалиұлы Қазақстанның заң ғылымы саласындағы ең жарқын, көрнекті тұлғалардың бірі еді.
Ғайрат Сапарғалиев 1930 жылғы маусымның 26-сында Семей облысының Жаңасемей қаласында дүниеге келген. Саратов заң институтының түлегі. 36 жасында докторлық қорғаған КСРО-нің ең жас ғылым докторларының бірі. ҚР ҰҒА аспиранты, кіші ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкер, директордың орынбасары, ҚР ҰҒА философия және құқық институтының бөлім бастығы, Абай атындағы АлМУ-дың заң факультетінің деканы, Қазақ гуманитарлық заң университетінің Мемлекет және құқық институтының директоры қызметтерін атқарған. Оның 370-тен астам ғылыми еңбегі бар. Олардың қатарында тәуелсіз Қазақстанның заң ғылымына елеулі үлес қосқан «Қазақстан Республикасындағы конституциялық құрылымның қалыптасуы», «Конституциялық жауапкершіліктің проблемалары», «Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік қызметті реформалаудың құқықтық проблемалары» сынды еңбектері бар. Қазақстанның еңбек сіңірген заң қызметкері, «Құрмет» орденінің, бірқатар медальдардың иегері.
Марқұммен қоштасу рәсімі ҚазҰУ ректоратының орталық холлында шілденің 22-інде өтеді.