Алматыда «Конституция - Қазақстанның өркендеуінің негізі» атты дөңгелек үстел өтті
АЛМАТЫ. Тамыздың 21-і. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Бүгін Алматы қаласы әкімдігінде «Конституция - Қазақстанның өркендеуінің негізі» атты дөңгелек үстел өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған шараны Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелге Ата заңды дайындауға атсалысқан ғалымдар, академиктер Ғайрат Сапарғалиев, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, ғалым-сарапшылар, қала құрылымдарының басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ақпараттық- насихаттық топ мүшелері қатысты.
Жиынды Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов ашты. Ол қатысушыларды алдағы мереке күнімен құттықтады. «Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық өмірінде мәні мен маңызы жағынан ерекше орынға ие 30 тамыз-Конституция күні халқымыздың ең жоғарғы дәрежеде атап өтетін маңызды мерекелердің бірі. Себебі, бұл Заң ең алдымен әр азаматымыздың құқықтық кепілі, төрелік тұғыры. Еліміздің ертеңін айқындаған дара дүние. Кез келген ел дүниежүзілік қауымдастықта өзінің жүйелі заңымен ғана лайықты орынға ие бола алады. Ал, Конституцияның заман талаптарына сай болуы үшін жаңа идеялар мен реформалар қажет. Бүгін Қазақстан әлемдік қауымдастықта терезесі тең мүше, іскер әріптес, 130-дан астам ұлт мекендейтін тату-тәтті шаңырақ», - дей келе, «Ата заңымыз қабылданған 14 жыл ішінде мемлекетіміздің негізі қаланып, заңдылық пен тәртіп нығайып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді», деді.
1995 жылы халықтық референдум арқылы қабылданған Ата заңымыз Қазақстан Республикасының демократиялық, өркениетті және әлеуметтік адам құқықтарын талапты түрде қорғайтын мемлекет ретінде даму жолын белгіледі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері демократиялық жүйе қалыптастыруда айтарлықтай алға басып, әлеуметтік - экономикалық дамуында оңды нәтижелерге қол жеткізді. Халықаралық беделі де бұрын-соңды болмаған дәрежеде шарықтап өсті. Бүгінде әлемдік қауымдастық елімізді ұлтаралық және дінаралық келісім орныққан тұрақты дамып келе жатқан болашағы айқын мемлекет ретінде танып отыр.