Алматыда көпбалалы отбасыларға дәрі сатып алуға қажетті сертификаттар табыс етілді (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Алматының 1000 жылдығына - 1000 ізгілікті іс» акциясы аясында G38 жастар ұйымы аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері кезекті қайырымдылық шарасын жүзеге асырды.

Алматыда көпбалалы отбасыларға дәрі сатып алуға қажетті  сертификаттар табыс етілді (ФОТО)

Бұл жолы көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған 10 отбасына қажетті дәрі-дәрмектер сатып алу үшін сертификаттар табыс етілді. Аталмыш жоғары оқу орнының студенттері акция басталғалы бері қайырымдылық шараларына белсенді түрде атсалысып жүр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жастар ұйымдары комитетінің төрайымы Айсұлу Ерниязованың айтуынша, мұндай акциялар жастарға ғана емес барлық қала тұрғындарына үлгі болады.

«әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері қала жастарымен бірлесе отырып, биылғы жылдың соңына дейін осы акцияға қатысады. «1000 ізгілікті іс» акциясының мақсаты - көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына, жалғыз басты қарттарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, мүгедек және жетім балалаларға көмек көрсету», - деді А. Ерниязова.

Бұдан басқа, университеттің белсенді жастары жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру, «Кеңес» орталығы арқылы оларға заңдық ақыл-кеңестер беру, сондай-ақ, аталған оқу орындарында дайындық курстарын ұйымдастыру жұмыстарын да қолға алды.

Алдағы уақытта, жұмыс жоспары келіп түскен ұсыныстар мен пікірлер негізінде әзірленетін болады.
2
3
4