Алматыда көпқабатты үйдегі өрттен кейін қанша адам ауруханада емделіп жатыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Ақкент» ықшамауданындағы өрт салдарынан барлығы 49 адам зардап шекті, оның ішінде екі ересек адам №7 қалалық клиникалық ауруханада жатыр. 3 бала №2 балалар клиникалық ауруханасында стационарлық ем алып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі күнгі жағдай бойынша, екі ересек адам №7 қалалық клиникалық аурухананың бөлімшесінде жатыр, жағдайлары орташа ауыр, бірқалыпты. Балалардың да жағдайы тұрақты. Реанимацияда және аппаратта жатқан жағдайы ауыр балалар жоқ»,-деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Ләйлә Иманғалиева.
Ведомство мәліметінше, Алатау ауданы Ақкент ықшамауданы, 54-үйде болған өртке 23 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды, оның ішінде 5 жансақтау бригадасы болды.
Еске салайық, біз бұған дейін Алматыда 16 қабатты үйде өрт тұтанғанын хабарлаған едік.
Қызыл жалын сағат 18:46 кезінде оқшауланып, сөндірілді.
Амалы қалмаған тұрғындар балаларын терезеден лақтырды.
Зардап шеккендердің ішінде 2 жүкті әйел бар.
Кейін Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бір адамның қаза тапқанын хабарлады.
Өрттен зардап шеккен тұрғындар тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді.