Алматыда көппәтерлі үйлердің 73 пайызы басқарудың жаңа формасына көшті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Мегаполисте 1 118 мүлік иелерінің бірлестігі тіркеліп, 3 692 жай серіктестік іріктеуден өтті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басқарма басшысының мәліметінше, қалада 8 879-дан астам көппәтерлі тұрғын үй бар, оларға 820 пәтер иелері кооперавтиві мен пәтер иелерінің тұтыну кооперативтері қызмет көрсетеді.
«Қазіргі таңда 1 118 мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) тіркеліп, 3 692 жай серіктестік (ЖС) іріктеуден өтті. 5 175 көппәтерлі тұрғын үйді қамтитын 4 810 жаңа басқару нысаны құрылды. Осылайша, көппәтерлі үйлердің 73 пайызы басқарудың жаңа формасына көшті», - дейді Данияр Қырықбаев.
Сонымен қатар, ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы реформасын жүзеге асыру үшін қалалық Жол картасы бекітілгенін атап өтті.
«ТҮКШ реформасын жүзеге асыру үшін біз қалалық Жол картасын бекіттік, 300-ге жуық онлайн кездесу өткізілді, сондай-ақ Call-орталық аясында 4 500-ге жуық тұрғынға кеңес берілді. Бұдан бөлек, басқарма бірнеше рет барлық мүдделі арнайы қызметтердің қатысуымен ашық есік күнін өткізуге бастамашылық етті, онда МИБ немесе ЖС басқарудың жаңа нысандарына көшу бойынша барлық қажетті түсіндірмелер мен кеңес берілді. Оған 600-ге жуық тұрғын қатысты», - деді спикер.