Алматыда корей мәдениетінің кеші өтті
«Алматы әуендері» концерттік бірлестігі мен Корей ұлттық мәдениетін сақтау қорының ұйымдастыруымен ұсынылған кеш «Корей ұлттық музыкасын қазақстандықтарға таныстыру» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Мақсат - дәстүрлі халық ән-билері мен заманауи өнерді насихаттау арқылы екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту.
Оңтүстіккореялық «Пильбонг» ансамблі өз репертуарындағы ұлттық әндер мен билерді орындап, өнерлерін ортаға салды. Шығармашылық топтың жетекшісі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Чан Пенг Сун ансамблдің шығу тарихына тоқталып, көрермендердің сауалдарына жауап берді.
«Өнер ұжымының іртетасы осыдан 3 ғасыр бұрын қалыптасқан. Бастапқыда егін басындағы шаруалардың әндерін музыкалық аспаптарға қосып жұртшылыққа танылған. Уақыт өте келе үлкен сахналарға шығып, өнерін паш ете білді. Қазақстанда жыл сайын Корея елінің мәдениетінің құрметіне арналған ауқымды мерекелік шаралар өтіп тұрады. Бүгінгі кеш те соның жалғасы іспеттес. Қос мемлекеттің өнерін сабақтастырған мәдени шара алдағы уақытта да дәстүрге айналатынына сенімдіміз», - деді Чан Пенг Сун.
Шара соңында Қыздар университетінің Өнер және мәдениет факультетінің деканы Гүлнұр Өмірбаева ансамбль мүшелеріне оқу орны ұжымының атынан алғысын білдіріп, сый-сияпат көрсетті.