Алматыда Қорғаныс министрінің қатысуымен әскери клиникалық госпитальдің жаңа ғимараты ашылды

АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің қатысуымен әскери клиникалық госпитальдің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты болып өтті.
None
None

 Бұл туралы аталған ведомствоның мәліметтерінде айтылған

 300 керует-орынға есептелген жаңа кешеннің құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған болатын. Қала шетіндегі 70 разъезге қоныс тепкен жаңа госпитальдің иелігіндегі ғимарат мың жарым шаршы метрден артық аумақты алып жатыр. Медициналық мекемелер құрылыстың заманауи стандарттарына сәйкестендірілген. Госпитальдің аумағы көгалдандырылып, шаруашылық мақсаттағы үй-жайлар толықтай жөндеуден өткен. Госпитальдің 32 бөлімшесі және 23 мың шаршы метрден тұратын аумаққа орналасқан көмекші үй-жайлары бар.

Медициналық мекемені көшірудегі басты мақсат стационарды бөлімшелерді бір жерге біріктіру болып отыр. Бүгінгі күнге дейін госпитальдің бір бөлігі қала орталығындағы Фурманов және Сәтбаев көшелерінің қиылысында болса, басқа бөлігі Жандосов көшесінде орналасқан еді. Бұл ем қабылдаушыларды әр түрлі медициналық тексерістен өткізген тұста әскери дәрігерлердің өзіне айтарлықтай қиындықтар туғызып келген болатын.

«Әскери клиникалық госпитальдің тарихында стационарды бөлімшелер алғаш рет бір жерге шоғырланып отыр. Бұл әскери қызметшілерге, олардың отбасы мүшелері мен Қарулы Күштердің ардагерлеріне заманауи әрі сапалы медициналық жәрдем көрсетуге зор мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Жақында елордадағы Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталі де жаңа ғимаратқа қоныс аудармақ. Астаналық госпитальдің иелігіне күрделі жөндеуден өткен бұрынғы қалалық аурухана беріліп отыр.

Соңғы жаңалықтар