14:51, 06 Қараша 2013 | GMT +5
Алматыда көркем аударма туралы республикалық ғылыми конференция өтеді
АЛМАТЫ. 6 қараша. ҚазАқпарат - Алматыда 7-ші қараша күні «Көркем аударма және салыстырмалы әдебиеттану» атты республиқалық ғылыми конференция болады. Шараны Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ұйымдастырып отыр.

Белгілі аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Нағима Жәлелқызы Сағандықованың 70 жылдық мерейтойына арналған бұл шарада Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің алғаш рет орыс тіліне аударылған таңдамалы шығармалары кітабының тұсаукесері өтеді. Аударма ісімен студент шағынан бастап айналыса бастаған Н. Сағандықова атақты Қожа Ахмет Яссауи шығармаларының 149 хикметін орыс тілінде басып шығарды. Қазақ авторларының орыс тілінде шығарылған туындылары поэзияның тереңдігі, байлығы, бейнелілігі мен стиль нәзіктігін жеткізе алмайды деп есептейтін ғалым көркем аударма мектебін құрып, оның негіздерін сипаттайтын құнды кітап жазды.