Алматыда «Көркем витраж бен мозаикадағы заманауи үрдістер» және «Әйнек құдіреті-2012» көрмелері өтуде

АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат -Алматыдағы Орталық көрме залында кеше витраж өнері мен мозаикаға арналған 4-ші «Көркем витраж бен мозаикадағы заманауи үрдістер» атты және «Әйнек құдіреті-2012» көрмелердің салтанатты ашылуы болып өтті.

Алматыда «Көркем витраж бен мозаикадағы заманауи үрдістер» және «Әйнек құдіреті-2012» көрмелері өтуде

Осы салтанатты шараға арнайы қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол»ҚДП парламенттік фракциясының мүшесі Сағиятулла Сәрсенов құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде мұндай мәдени шаралардың қоғам өмірінде, оның ішінде мәдени ордамыз - Алматы шаһарында алатын орны ерекше екендігіне тоқталып өтті. «Әрбір мұндай шара - шығармашылықты дамытуға дәнекер бола алады. Мәңгілік өнерге куә болу мүмкіндігіне ие болу, адамдарды өзін қоршаған әлемнің кереметтігін сезінуге, рухани болмысын қалыптастыруға, ішкі жан дүниесін рахатқа бөлегендей, саф ауамен сусындағандай әсер береді»,- деді С. Сәрсенов.

Мәжіліс депутаты С. Сәрсенов және «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары Талғат Әбдіжаппаров алқызыл лентаны қиып, көрмені салтанатты түрде ашты.

Көрмеде - классикалық және заманауи стильде жасалған көркемдік витраждар, түрлі-түсті әйнектен істелінген авторлық жұмыстар, витражды шамшырақтар, әйнекті кәдесыйлар мен қолмен әшекейленген ыдыстар, тастан жасалған мозаикалар. Көрменің мақсаты - витраж өнерінің бай әдемілігін, оның қол жетімділігі мен мәртебелілігін паш ету. Көрмеге 50-ден астам түрлі техникада жасалған (фьюзинг, сыр құйылған витраж, тиффани, құмжиекті витраж, сонымен қатар decroled техникасында жасалған жасанды витраж) қойылды.

  Ұйымдастырушылар жиналғандарға көрме кереметін ұсынып, көркем витраж бен мозаика өнерінің негізгі бағыттары туралы тереңірек түсіндіріп берді. Сонымен қатар көрмеге келгендер шетелдік және қазақтың классикалық әуендерін шебер асқақтатқан өнерпаздарды тыңдай отырып, дизайнерлерден келелі кеңестер алды.

Витражға қараған адам таңырқамай тұра алмайды. Тоқтала кетер болсақ, витраж - бұл эксклюзивті, авторлық әрі тура және жанама мағынасында қымбат өнер, себебі өте қымбат эсклюзивті материалдардан жасалады. Заманауи витраж - мүлдем жаңа, заманауи әйнектің әдемі әрі қайталанбас әлемі.