Алматыда көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтіп жатыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырып отырған бұл байқауға 15-30 жас аралығындағы 11 талапкер қатысуда. Олар сайыс барысында прозалық, драмалық, поэзиялық шығармалардан үзінді оқудан бәсекеге түсті. Үміткерлер бұл байқауға дейін Алматы қаласының жеті ауданы бойынша өткен сайыстың жеңімпаздары болып табылады. Әр ауданнан 1-2 үміткерден ұсынылып отыр. Оның ішінде мектеп оқушысы, студенттер, мұғалімдер бар. Қазылар алқасы байқау үміткерлерін көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс ырғағына, сахнада өзін ұстау мәнеріне қарай бағаларын беріп, үміткерлердің киім сәніне де назар аударды.
Байқаудың ашылу салтанатында Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Кенжехан Матыжановтың айтуынша, байқау Тіл туралы заңның 20 жылдығына орай өткізіліп отыр. «Жастардың байқауға ерекше ынталарымен қатысып отырғандарына қуаныштымын. «Тілдің жаны -сөз. Сөздің мәнері - тілдің жаны болып табылады», дей келе, соңғы кезде, әдемі, мәнерлеп сөйлеуге, сөйлеу мәнерін арттыруға мән бермей барамыз, сөйлеу мәнері нашарлап барады», дейді ол.
Байқау көрермендерінің айтуынша, 10 жыл бойы өткізіліп келе жатқан байқаудың деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. «Мұндай байқаудың бүгінгі күні кітап оқу мәселесі қиындап, қазіргі кезде жастарымыз кітап оқудан алшақтап кеткен уақытта қазақтың жастарына ықпалы өте зор. Қазақ тілін дамыту керек деген мәселеде осындай іс-шаралардың көп болуы керек деп ойлаймын», дейді әділқазылар алқасының мүшесі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті Әбзелбаев Мұрат.
Байқау соңында Қазақстан эстрадасының танымал жұлдыздары өз өнерлерін көрсетеді. Байқау жеңімпаздары дипломдармен, алғыс хаттармен марапатталмақ. Бас жүлдені алған жеңімпаздарды қала әкімі Ахметжан Есімов қыркүйек айының 22-і күні «Ана тілі» фестивалінде бағалы сыйлықтармен марапаттайды.