Алматыда көрнекті әнші, халық әртісі Жүсіпбек Елебековке арналған ескерткіш ашылды
МАТЫ. 8 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ескерткіш Алматыдағы Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі алаңында бой көтерді.
Салтанатты шара барысында алғашқы болып сөз алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов 2004 жылы әншінің 100 жылдық мерейтойына орай оның ескерткіш мүсінін Алматыда тұрғызу жөніндегі ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданғандығын атап өтті. «Ж.Елебеков өзінің сан қырлы талантымен отандық мәдениетіміздің тарихына өлшеусіз үлес қосқан адам. Ол тек әншілік қырынан көрініп қана қоймай, драмалық және опералық кейіпкерлер бейнесін шебер сомдады», - деді С.Сейдуманов.
Жүсіпбек Елебеков ұзақ шығармашылық өмір сүрді, өзінің көпқырлы және талантты қызметімен отандық музыка мәдениетіміздің тарихына зор үлес қосқан жан.
Елебеков өнері көңіл-күй иірімдері, сезім байлығымен ерекшеленеді. Музыкалық фольклордың талантты насихаттаушысы, кейінгі буынға таратушы болды. Халық композиторлары Ғ.Айтбаев, Қ.Байжанов, Әміре Қашаубаевтың өлеңдері Елебековтың репертуарының негізін қалайды.
Қазақтың жетекші әнші, сазгерлерінің шығармаларын зерттеген журналшы М.Майшекиннің айтуы бойынша, осы дәстүрде Жүсіпбектен асқан әншіні естімеппін деген сөздерін айта келіп, Әміре өз домбырасын Жүсіпбек Елебековке мұра ретінде ұсыныпты.
Елебековтың қазақтың классикалық әндерін домбырамен сүйемелдеп орындауы оны халықтың сүйіспеншілік ықыласына бөледі. Сонымен қатар ол республика мен басқа да елдерде қазақ классикалық өнерін насихаттаған. Әнші 1936 және 1958 жылдары Мәскеуде, Қытайда (1950ж., 1955ж.), Моңғолияда (1960ж.), Үндістанда (1967ж.) өткен қазақ өнері онкүндіктерінде ән салды, қырғыз, түрікмен, өзбек, қарақалпақ елдері де оны сүйсіне тыңдады.
Елебеков өнері лайықты дәрежеде өз бағасын алды, Ленин және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды, Қазақ КСР халық әртісі, Қазақ КСР-ы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты құрметті атақтарын иеленді. Белгілі әншілер Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов пен Қайрат Байбосынов өздерін Елебековтың шәкірттеріміз деп санаулары да әбден орынды.