Алматыда көрнекті ғалым Рақыш Әміровтың 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор Рақыш Сәтұлы Әміровтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ тілін коммуникативтік, функционалдық бағытта зерттеу және оқытудың инновациялық технологиялары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп жатыр,

Алматыда көрнекті ғалым Рақыш Әміровтың 80 жылдығына арналған  халықаралық  ғылыми-теориялық конференция өтіп жатыр

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚазҰУ-нің филология факультеті мен қазақ филология кафедрасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан конференцияға Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының профессорлары мен оқытушылар құрамы, еліміздің белді академик-ғалымдары мен Қытай, Ресей, Өзбекстан, Түркия елдерінен келген шетел ғалымдары, ЖОО-ның ректорлары, тіл саласының мамандары қатысуда.

«Мен Алматыға екінші рет келіп отырмын. 80-нің сеңгіріне жеткен, қазақ тіл ғылымы мен әдістемесінің білгір маманы, тіл ғылымына баға жетпес еңбек сіңірген ғалымның құрметіне, бүгінгі ғылыми-конференцияның ұйымдастырылғанын өте орынды деп санаймын. Оның 1967 және 2002 жылғы грамматикасы Қытай еліндегі біздің университет пен мектептерде ең негізгі пайдаланатын материалымыз болып табылады. Басқа да еңбектерін біз көптеп пайдаланамыз. Рақыш Сәтұлы Қытайға келіп Орталық ұлттық университетінде дәріс оқыған болатын», деді Қытай елінен арнайы шақырылған қонақ, ҚХР Орталық ұлттық университеті қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің профессоры Джаң Динджиң. Оның айтуынша, ҚХР Орталық ұлттық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде 170-ден аса қазақ баласы оқиды. «Әр жылы 40 баладан қабылданады. 13-14 ұстаз қызмет жасайды. Қазақ тілін дамытуға байланысты әр түрлі шаралар, байқаулар мен тіл сайыстары өткізіліп тұрады», деді Джаң Динджиң.

Конференция жұмысы барысында қазіргі қазақ тілі синтаксисі және коммуникативті грамматика мәселелері; тіл біліміндегі жаңа бағыттар: мәдениетаралық қарым-қатынас және функционалды тіл білімі; қазақ тілінің әлеуметтік мәселелері: мемлекеттік тіл мәртебесінің нығаюы, терминология, БАҚ тілі; қазақ тілінің стилистикасы және тіл мәдениеті, қазақ тілін оқытудың лингводидактикалық мәселелері қаралатын болады.

Пленарлық мәжіліс секциялық жұмыстармен жалғасады.

Рақыш Әміров қазақ тілін дамытуға үлкен үлес қосқан ғалым. Ол сондай-ақ, қазақ тілін оқыту әдісін ойлап тапқан, қазақ тілін оқытудың мәселелерін эксперимент арқылы шешуді қолға алған зерттеушілердің бірі. Оның 1958 жылы орыс мектептерінің ІІ-ІV сыныптарына арнап шығарған «Қазақ тілі» оқулығы тілді үйретуді практикалық жолға қоюдың алғашқы үлгісі болды. 1958 жылдары қабылданған «Қазақ тілі пәнін қоғам, мектеп реформасына сай жетілдіру концепциясы», «Жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің концепциясы», «Қазақ орта мектебіндегі білім мазмұнының тұжырымдамасы» деген белді құжатттарды дайындауға қатысты, қазақ тілі пәні бойынша жаңа бағдарламалар, оқу құралдарын жазды. Ол сонымен қатар, қазақ оқу-ағарту мектептерінің концепциясын құруға (1989) және «Қазақ тілі» пәні бойынша оқу бағдарламалары мен оқулықтарды шығаруға атсалысқан белсенді авторлардың бірі. 2009 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталған.