Алматыда көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков туралы дөңгелек үстел мәжілісі болады

АЛМАТЫ. 22 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 23 қараша күні «Ұлт жанашыры - Өзбекәлі Жәнібеков» деп аталатын дөңгелек үстел жиыны өтеді. Оны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Тұлғатану» орталығы ұйымдастырып отыр.
None
None

"Орталықтың құрылғанына биыл 3 толды. Оның мақсаты - мемлекетіміздің қалыптасуына, еліміздің экономикасы мен рухани дамуына ерекше үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің еңбектерін жинап, оны ғылыми негіздеу, сондай-ақ студент-жастарды сол арқылы тұлға ретінде тәрбиелеу және қалыптастыру болып табылады. Жуырда ғана осы орталықтың ұйымдастыруымен «Тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізін салушы - Президент Назарбаев» деген тақырыпта ашық дәріс өткізілген еді. Енді мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-ғалым, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің 80 жылдығына байланысты арнайы алқалы жиын ұйымдастыруда", - дейді университеттің ақпарат баспа орталығының редакторы Әлия Асмағұлова.

Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы 28 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Сарықамыс ауылында өмірге келіп, 1998 жылы 22 ақпанда Алматыда көз жұмған болатын. Ол Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға. ХХ ғасырдың 70-жылдарында-ақ Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болып, Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылуына бастамашылық жасады. Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген "Арқас" қоғамының құрылуы мен "Шертер", Адырна", "Алтынай" және тағы басқа да көптеген фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастыруға түрткі болды. "Наурыз" мейрамының, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене атсалысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. "Қазақтың ұлттық қол өнері" (1982), "Жаңғырық" (1991), "Уақыт керуені" (1992), "Жолайрықта" (1996), "Қазақ киімі" (1996), "Ежелгі Отырар" (1997), "Тағдыр тағылымы" (1996, 1997) кітаптарының авторы 1990 жылы тарих ғылымының кандидаты болды.

Соңғы жаңалықтар