Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алу шарасы өтіп жатыр
АЛМАТЫ. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дүниеден озғанына 18 жыл толды. Осыған орай алматылықтар мен қала қонақтары марқұмның Кеңсайдағы зиратына тәу етті. Сондай-ақ Алматыдағы ескерткішіне қалалық және Медеу аудандық әкімдіктері мен ардагерлер кеңестері, Жамбыл облыстық әкімдігі, Халықаралық Д.Қонаев қоры, Д. Қонаев атындағы үлкен Алматы каналы, қала қонақтары мен Д. Қонаев мұражай-үйі көрермендері және қоғамдық ұйымдар гүл шоқтарын қойды.
«Димекеңнің есімі Қазақстан ғана емес бүкіл дүниежүзіне белгілі. 30 жылдай ел басқарып республиканың дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз зор үлес қосты. Мен ол кісінің тікелей қол астында жұмыс жасаған жоқпын. Партия мектебінде әскери кафедраның меңгерушісі боп жұмыс істедім. Д. Ахметұлы жыл сайын коммунистік партияның және атқару комитеттері 1-хатшыларының курсына келгенде сөз сөйлейтін», - дейді Медеу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ким Серікбаев. Әскери ғылымдар докторының айтуынша, Д. Қонаевтың өмірге келгеніне 2012 жылы 100 жыл толады. Осыған орай ардагерлер «Атаңа ұқсаңдар» деген атпен мектептерде түрлі кездесулер өткізбек.