Алматыда коронавирус қаупін азайту үшін көші-қон ахуалы бақылауға алынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиын барысында арнайы штаб басшысы, қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров коронавирус жұқпасы бойынша эпидахуалды сипаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда коронавирус қаупін азайту үшін көші-қон ахуалы бақылауға алынды

Отырыс барысында жұқпалы аурудың таралуының алдын алу бойынша қандай шаралар атқарылып жатқаны айтылды.

«Алматыға кіретін жолдардың барлығы жабық. Бақылауда тұр. Үлкен әлемге шығатын терезе – әуежай. Әуежайда фильтрация жүйесі орнатылған. 1-санаттағы елдерден келген жолаушылар үшін бөлек терминал жасақталған», - деді Ержан Бабақұмаров.

Оның айтуынша, қазір 1-санаттағы елдерден келген тұлғалар бақылауға алынған.

1 ақпаннан бастап Алматыға 12,5 мың адам өткен. Оның барлығы бақылауда.

«Келген шетелдіктердің денсаулығын 99,9% бақылауда ұстап отырмыз. 12,5 мың адамның 4 мыңы – шетел азаматтары, оның 350-і - қытайлықтар. Мұның алдында әуежай арқылы тәулігіне 50 рейс өтетін болса, қазір оның саны 30-50 аралығында. Күнде әуежай арқылы 2,5-3 мың адам өтеді. Яғни, көші-қон статистикасы азайған сайын аурудың жұғу мүмкіндігі де азая түседі», - деді әкімнің орынбасары.