Алматыда коронавирус науқастары үшін қосымша төсек-орындар дайындалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда коронавирусқа шалдыққан науқастар үшін қосымша төсек орындары дайындалды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда коронавирус науқастары үшін қосымша төсек-орындар дайындалды

«Бүгінгі күні қалада 7 045 төсек-орын бар. Жақында ғана орын саны 6 мың болған. Соңғы күндері аурудың өршуіне байланысты қосымша төсек орындары дайындалды. Резервтік төсектер Оқу-клиникалық орталығы сияқты орындарда дайындалған.

Сонымен қатар Гончарная көшесіндегі Фтизиопульмонология орталығында қосымша 100 орын құрылды. Бұған қоса, Гуманитарлық-педагогикалық колледждің ғимараттарында 300 төсек-орын дайындалды. Ертеңнен бастап «ХАК» медициналық орталығының базасында 130 орын ашылады. Тағы басқа ұйымдар да қосылуда»,- деді ол Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.

Оның айтуынша, қалада 700 жансақтау орны дайындалған, олардың 310-ында науқастар жатыр. Жансақтау орындарының 44% бос емес.

Бұған дейін хабарланғандай, эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда Алматы стационарларында орын саны 10 мыңға дейін арттырылатын болады.