Алматыда коронавирус тіркелген жоқ – әкімдік

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда коровирус жұқтырғандар жоқ. Бұл туралы Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тілеухан Әбілдаев баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, жаһандық эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына, көрші елдерде инфекцияның өршуіне байланысты оның тарау қаупінің алдын алу үшін қалада күшейтілген шаралар жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда коронавирустың таралу жағдайлары әлемнің 64 елінде тіркелді.

«Алматыдағы медициналық ұйымдар коронавирус инфекциясының әкелінуі мен таралуын болдырмауға арналған эпидемияға қарсы және профилактикалық шараларды жүзеге асыруға толықтай дайын», - деді Әбілдаев.

Шет елден келушілердің тізімі мониторинг орталығына түсіп, ақпараттар өңделіп, аты-жөндері бойынша медициналық мекемелерге орналастырылады. Инфекция көп тараған елдерден келген азаматтар 14 күн бойы көпбейінді медициналық орталықта оқшауландырылып, карантинде жатады.

Бүгінгі күні өңірлік провизорлық стационардың 1 А санатына – 131 азамат, 1 В бойынша – 119 адам, 2-категория бойынша - 955 және 3-категория бойынша 1632 адам бақылауға алынды.

«Медициналық ұйымдар қажетті дәрі-дәрмектермен, құрал-жабдықтармен, бактерияға қарсы және вирусқа қарсы препараттармен және дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілді. Барлық медициналық ұйымдарда санитарлық зарарсыздандырғыш, антисептиктер орнатылды»,- деді Тілеухан Әбілдаев.

Сондай-ақ, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелер, көпбейінді ауруханалар мен жедел жәрдем қызметкерлері үшін арнайы оқу-жаттығулар өткізілді.

Егер эпидемиологиялық жағдай нашарласа, Алматы қаласы ауруханаға жатқызуға және карантинге арналған төсек орындарын қосымша орналастыруға дайын.

«Барлық азаматтар дәрігерлердің бақылауында және аурудың клиникалық белгілері жоқ дені сау адамдар. Оларды карантин кезінде жұқпалы ауру бойынша дәрігерлер, эпидемиологтар қарап, арнайы белгілері бойынша респираторлық инфекцияларға тестілеуден өткізеді. 14 күн өткеннен кейін тағы сынама алынып, ол теріс нәтиже көрсеткенде бұл азаматтар карантиннен шығарылады»,– деп түсіндірді басқарма басшысы.

Бүігінгі күнге дейін,12 адам үйіне шықты.

Жалпы, Алматыда азаматтардан COVID-2019 вирусын жұқтырған бірде-бір жағдай тіркелген жоқ.


Соңғы жаңалықтар