Алматыда коронавирус жұқтырған 172 науқас жансақтау бөлімінде жатыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда коронавирус жұқтырған 1 514 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
5 қазан күнгі ақпарат бойынша, бір тәулікте қалада 419 адам коронавирус жұқтырған.
Мұның ішінде симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен – 403, симптомсыз – 16 науқас тіркелді.
Барлық емделіп шыққандар – 200, келіп түскені – 166.
«Инфекциялық стационарларда 1 514 адам бар (төсек-орынның жалпы саны –3 179), оның ішінде 56 бала емделуде», – деп нақтылады қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 172 адам жатыр.
Ал 31 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 78 адам ем қабылдауды жалғастыруда. High flow-да 47 аппарат жұмыс істейді.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадаларының және Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 3 485 пациент бар.
Оның ішінде індет белгілері бар, орташа ауыр жағдайда – 3 344 науқас. 141 адамда коронавирус белгілері жоқ.