Алматыда коронавирус жұқтырған 3,4 мың адам ауруханада жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда коронавирус жұқтырған 3475 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда коронавирус жұқтырған 3,4 мың адам ауруханада жатыр

5 мамыр күнгі ақпарат бойынша, бір тәулікте қалада 651 адам коронавирус жұқтырған. Мұның ішінде симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен - 577, симптомсыз – 74 науқас тіркелді.

«Инфекциялық стационарларда 3 404 адам бар (төсек-орынның жалпы саны - 6 060), оның ішінде 89 бала емделуде», – деп нақтылады Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 231 адам жатыр. Ал 33 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 65 адам ем қабылдауды жалғастыруда. High flow-да 93 аппарат жұмыс істейді.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадаларының және Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 4 658 пациент бар. Оның ішінде 4 067 адамда індет белгілері болған, олар орташа ауыр жағдайда. 591 адамда коронавирус белгілері жоқ.