Алматыда коронавирус жұқтырған 4 мыңға жуық науқас ауруханада жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда коронавирус жұқтырған 3 669 науқас ауруханада ем қабылдап жатыр. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда коронавирус жұқтырған 4 мыңға жуық науқас ауруханада жатыр

«Алматыда корнавирус инфекциясын жұқтырғандар саны азайып келеді. Мәселен, 10 күн бұрын ауруханаларға бір тәулікте 700 науқас жатқызылса, қазіргі таңда 378 науқас түседі. Емделіп шыққан науқастар саны – 454. Үй жағдайында ем қабылдап жатқан адамдардың саны да 14 200-ден 7446-ге күрт төмендеді. Қазіргі таңда қала стационарларында 3 669 науқас емделуде, 43,1% орын толған. Реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 331 адам жатыр. 52 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған»,-деді спикер.

Нариман Табынбаев әзірге босаңсуға ерте екенін айтты.

«Бір ескертетін жағдай, босаңсудың қажеті жоқ, жағдай аяқасты қиындап кетуі мүмкін, әсіресе қазір оқушылар мен студенттер оффлайн оқуға көшкенде, карантин талаптарын сақтауды ұмытпайық»,-деді ол.