Алматыда коронавирус жұқтырған 691 адам үйінде емделіп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазіргі уақытта 691 адам үйінде емделіп жатыр. Олар медициналық бақылауға алынған. Барлығы - жеңіл дәрежелі науқастар. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда коронавирус жұқтырған 691 адам үйінде емделіп жатыр

«Бүгінде үйде 691 адам медициналық бақылауда. Оның ішінде 278 науқаста симптом жоқ, 413 пациентте аурудың жеңіл белгілері бар. Соңғы екі аптада осы санаттағы пациенттердің саны іс жүзінде бір деңгейде – 650-ден аспайды. 7% өсім жеңіл және орташа ауыр симптомдары бар пациенттердің есебінен жүреді»,- деді спикер.

Сонымен қатар, ол Covid-19-ға қарсы күрес бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде әлеуетті арттыруды жалғастырып жатқанын жеткізді.

Егер маусым айында мобильді бригадалардың саны - 72 болса, бүгінде олардың саны 298-ға жетті. Жұмысқа тартылған мамандардың саны шамамен 5 есе артты.

«Аалматыда амбулаторлық емдеудегі COVID-19 пациенттеріне қарау үшін Телемедицина орталығы ашылды. Мақсаты - үйде қауіп-қатер тобындағы пациенттерді қашықтан бақылау және оларға консультация беру. Қауіп тобындағылар - егде жастағы адамдар және қатар жүретін ауруы бар пациенттер. Соңғы екі ай ішінде, 1 қарашадан 4 қаңтарға дейін орталық мамандары 10 000-ға жуық қоңырау қабылдап, 40 000-ға жуық қоңырау жасады»,- дейді Нариман Табынбаев.