Алматыда коронавирус жұқтырғандардың 77 пайызы - вакцина алмағандар

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен коронавирус таралуының алдын алу жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Онда санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру, өлім-жітімді азайту және вакциналану қарқыны мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда коронавирус жұқтырғандардың 77 пайызы - вакцина алмағандар

Жиын барысында Алматыда науқастардың жас құрамын салыстырмалы талдау кезінде бір апта ішінде дерт жұқтырғандардың 77%-ы вакцина алмаған 20 жастан асқан азаматтар екендігі белгілі болды. 14 жасқа дейінгі балалар арасында жұқтырғандар саны 2,2%-ға, 40-59 жастағы адамдар арасында 1,4%-ға өскені байқалады.

Сырқаттанушылардың инфекцияны сауда объектілерінде - 28%, қоғамдық көліктерде - 21,4%, отбасылардағы байланыстар - 22,3% және базарларда - 8% жұқтырған. Үйде инфекция жұқтыру4,4%-ға өсті. Дерт туыстармен, көршілермен және таныстармен байланыс кезінде, сондай-ақ отбасылық іс-шараларды мерекелеу санының өсуіне орай таралуда.

Белгіленген карантиндік шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша мониторингтік топтардың жұмысы жалғасуда. 25-31 қазан аралығында кәсіпкерлік нысандарында 19 және қоғамдық көліктерде маска режимі сақталмаған 23 бұзушылық анықталды.

Айта кетерлігі, дүйсенбіден бастап Алматыда «сары» аймақтың талаптары қолданылады. Ashyq жобасына қатысушылардың жұмыс ұзақтығы 1 сағатқа, жоба жетекшілерінің жұмыс уақыты түнгі сағат 3-ке дейін ұзартылды. Барлық нысандар Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес «сары» аймақ режимі бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар, өткен аптада Ashyq жобасы бойынша оқшаулау режимін бұзған 100 қала тұрғынында «қызыл» мәртебе анықталды. Көбінесе бұзушылықтар СОО-да, дүкендерде және тамақтану объектілерінде орын алуда.

Бүгінгі күні инфекциялық стационарларда 1 039 адам, оның ішінде 35 бала бар. Реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінде 93 пациент емделуде. Мобильді медициналық бригадалар мен телемедицина орталығының бақылауына 2 124 пациент алынған.

Кеңес барысында Biontech және Pfizer бірлесіп әзірлеген «Комирнати» препаратымен вакциналауға дайындық мәселелері қаралды. Препараттың жеткізілуі осы айға жоспарланған.

Алматы әкімдігі қала тұрғындарынан денсаулықтарын сақтау үшін вакцина алуға шақырады. Қалада күн сайын 137 вакциналау пункті жұмыс істейді.

Сонымен бірге, ахуалдың тұрақтануы мен оптимистік болжам бойынша дамуға қарамастан, эпидемиологтар ықтимал нашарлау туралы ескертеді. Бұған Еуропа мен Ресейдегі эпидемиологиялық ахуалдың өрши түсуі, вакциналану қарқынының төмендеуі ықпал етуі мүмкін. КВИ-ге қарсы вакцианы екпе салуға жататын қала тұрғындарының жалпы санының кемінде 80%-ы алуы тиіс.