Алматыда коронавирус жұқтыру қарқыны төмендейтін түрі жоқ – эпидемиолог
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда коронавирус инфекциясының таралуы бәсеңдер емес. Бұл туралы қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Халықова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің бақылауымызға сәйкес, ауру жұқтыру көрсеткіші бәсеңдейтін түрі жоқ. 2 күнге енгізілген шектеу шаралары аздық етеді. Сондықтан, әкімдік пен комиссия қосымша шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады. Біз бірнеше айдан бері осы режиммен өмір сүріп келеміз. Соңғы уақытта ауру көрсеткіші 2 есе өскен. Апта сайынғы өсім көрсеткіші 1,1% болып тұр. Аурудың өсуі біздің карантин шараларын сақтауымызға тікелей байланысты болып тұр», - дейді тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Халықова.
Оның айтуынша, қалада 3,5 мыңнан аса адам COVID-19 жұқтырған.
Еске сала кетейік, бұған дейін қала әкімінің орынбасары демалыс күндері автожуу, ТҚКС, үй жанындағы дүкендер, парктер мен скверлер, жазғы дәмхана алаңдары ашық болатынын айтты.
Айта кету керек, әкімдік бүгін вирус таралу қаупі жоғары саналатын нысандарды демалыс күндері жабу туралы шешім қабылдады.
Оған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі осындай қаулы қабылдаған болатын.