Алматыда коронавирусқа қарсы екпе алған миллионыншы тұрғын кім

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы бойынша коронавирусқа қарсы екпе алған миллионыншы қала тұрғыны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда коронавирусқа қарсы екпе алған миллионыншы тұрғын кім

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, балалар церебpалды сал ауруына шалдыққан 29 жастағы Самал Оқапова №22 емханада коронавиурсқа қарсы екпе алды.

«Вакцинаны өз еркіммен алдым. Ешкім мені мәжбүрлеген жоқ. Таңертең ерте емханаға келіп, екпе алғаннан кейін жарты сағат бойы дәрігерлердің қарауында болдым. Аллергия не болмаса кері әсер бола ма деп ойлап едім, нәтижесінде ештеңе байқалмады. Өзімді жақсы сезініп жүрмін. Ойламаған жерден вакцина алған қаланың миллионыншы тұрғыны атандым. Қуаныштымын. Әр адам азаматтық парызы ретінде екпе алғаны дұрыс», - дейді Самал Оқапова.

Бұған дейін, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Twitter парақшасында Самал Оқапованың бұл әрекеті өзгелерге үлгі екенін атап айтқан болатын.

Еске салайық, 2021 жылдың 1 ақпаннан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинациялау науқаны басталды.

Коронавирусқа қарсы екпені, ең алдымен, медицина қызметкерлері және халықпен жиі араласатын қауіп тобындағы адамдар алды.

Сәуір айынан бастап халықты жаппай вакцинациялау науқаны басталып, жаһандық пандемиядан қалпына келтіру процесін жеңілдетуге мүмкіндік берді.