Алматыда коронавирусқа қарсы вакцина салдырғандар саны 900 мыңға жуықтады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 9881 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«8 қыркүйек күні 9881 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін 3825, II компонентін 6 056 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 8 қыркүйек аралығында қалада 899 435 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 788 872 адам екінші компонентін салдырған. Олардың ішінде 114 592 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.
Қалада 160 пункт жұмыс істеп тұр. 1 028 адамнан тұратын 237 егу бригадасы бар.
«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді» - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.