Алматыда коронавирусқа қарсы вакцина жеткілікті ме
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда коронавирусқа қарсы вакцина жеткілікті ме? Бұл сауалға онлайн брифинг барысында Жандарбек Бекшин жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Онлайн брифингіде тілшілер Жандарбек Бекшинге емханаларда неге «Спутник V»-дан басқа вакцина жоқ? деген сауал жолдады.
«Біз егу пункттерін дүкенге айналдыру міндетін қоймаймыз.Үкімет вакцинаны тегін беріп отыр және мұнда негізгі вакцина «Спутник V». Таңертең бізде 44 мыңнан аса вакцина қалды. Кесте бойынша вакцина үнемі келіп тұрады, қорлар толықтырылады. Сондай-ақ, QazVac вакцинасының 2600-ден аса дозасы бар. Ал Hayat-Vax вакцинасы бір рет әкелінді. Сонымен қатар, бізде CoronaVac вакцинасы бар. Көптеген ел халқына вакцина бере алмай отыр, ал бізде бар. Алматыда вакцина жеткілікті», - деп жауап берді ол.
Бұған дейін, Алматыда эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түскенін және ауру екі есеге өскені айтылған болатын.