Алматыда «Коровабар» дәмханасындағы өртті сөндіру үшін 60 метр жердегі гидранттан су тартылды - Алматы ТЖД

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті көп қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан «Коровабар» дәмханасында орын алған өрттің қалай сөндірілгені туралы түсініктеме берді.

Алматыда «Коровабар» дәмханасындағы өртті сөндіру үшін 60 метр жердегі гидранттан су тартылды - Алматы ТЖД

Бүгін - 10 мамырға қараған түні, таңғы сағат 04:37-де «101» пультіне бір куәгерден Алмалы ауданы, Абылай хан көшесі 121 А мекенжайында орналасқан «Коровабар» дәмханасының өртеніп жатқандығы туралы хабар келіп түскен. Артынша, өрт сөндірушілердің алғашқы тобы 7 минуттан кейін, яғни 04 сағат 44 минутта оқиға орнына келіп жетті.

«Өрт сөндіргіш көліктегі екі стандартты су оқпаны арқылы секундына 14 литр су шығындалады. Егер су тоқтаусыз берілетін болса, онда автоцистернадағы су 8 минут ішінде таусылады. Сондықтан, алдымен су оқпандарын сумен үздіксіз қамтамасыз етіп тұру үшін 60 метр жерде орналасқан су көзінен су тарту ұйғарылды. Осылайша, гидранттан, яғни өртке су себу үшін қолданылатын су шүмегінен түтік құбыр тартылды. Сондықтан, өртті бақылаған азаматтарға алғашқы келіп жеткен өрт сөндірушілер өрт сөндіруге тым ұзақ дайындалғандай болып көрінуі мүмкін», - делінген ТЖД хабарламасында.

Одан басқа, өрт сөндірумен қатар, бір мезетте тұрғын үйдің аула жағынан тұрғындарды дәліздер арқылы және жоғарғы қабаттың терезелері арқылы жылжымалы сатылар бойынша сыртқа шығару жұмыстары жүргізілді.

Айта кетелік, өрт сөндіру барысында барлығы 7 адам құтқарылып, 120 адам эвакуацияланды. Олардың ішінде үш бала бар. Бір адам уытты газға улану нышанымен ауруханаға жатқызылды. Басқалай зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Тілсіз жауды жоюға Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамынан 115 адам мен 21 арнайы техника, сондай-ақ, жергілікті полиция қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем дәрігерлері, коммуналдық қызметтердің қызметкерлері жұмылдырылды. Өрт таңғы сағат 05:52-де ауыздықталып, 06 сағат 36 минутта толығын сөндірілді. Өрттің жалпы аумағы - 1100 шаршы метрді құрады. Бүгін күндіз оқиға орнында қала әкімі Бауыржан Байбек болып, дәмхананың меншік иелеріне тұрғын үйлердің зақымдалған пәтерлерін үш күн ішінде қалпына келтіруде тапсырды.