Алматыда көше театрының фестивалі басталды
trong>Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Алматыда алғаш рет «Наше место в гороDе» атты фестиваль басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қырғыз елінің «Место D...» театр клубы, Алматы қаласының «ARTиШОК» театры және Франция елінің «Les Goulus» театрларының ұйымдастыруымен Еуропа, Орталық Азия, Қазақстан елдерінің көше театр әртістері қала көшелерінде өнерлерін көрсетуде.
«Шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз - Еуропа, Орталық Азия және өз еліміздің көше театрын көрермендерге таныстыру болып табылады. Негізі көше театры ХХ-шы ғасырда дамыған. 1969 жылдан бері Авиньон қаласында дүние жүзінің ең мықты көше театрлары жиналады. Көше театрының ерекшелігі - мұнда билет сатылмайды, яғни тегін көрсетіледі. Олар керісінше қойылым кезінде көрермендерге гүлдер, кәмпиттер, от шашулар және тағы да басқа әр түрлі заттарды сыйлайды. Әртістер көрермендермен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Көше театрының әртістері - клоундар, жонглерлер, әр түрлі трюктер, қойылымдар көрсетеді. Екі күн бой қала тұрғындары мен қонақтары көше театрының қойылымдарын тамашалауға үлкен мүмкіндік алады. Өйткені, бұл шара Алматыда бірінші рет өткізіліп отыр», дейді «ARTиШОК» театрының директоры Вероника Насальская.
Екі күнге жалғасатын көше театрларының қойылымдарында бес елдің - Бельгия, Франция, Германия, Қырғыз елі және өз еліміздің әртістері өнер көрсетеді. 11 театрлық топ Жібек жолы көшесі мен 28 Панфиловшылар саябағында 13 көше қойылымдарын көрсететін болады.
Фестиваль қазан айының 22-сіне дейін жалғасады. Жабылу салтанаты «ARTиШОК» театрында өтеді.