Алматыда көшелерге Нұрлы жол, Ер Төстік, Герольд Бельгер атаулары беріледі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласына қосылған аумақтардағы көшелерге жаңа атаулар беріледі. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің ономастикалық комиссиясы бекіткен құжатта айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Біріншіден атауы жоқ және мағынасы ескірген көшелерге ат берілмек. Мысалы, Алатау ауданындағы «Ақбұлақ» шағын ауданындағы АЗТМ көшесі Хан Шатыр деп аталса, Алмалы ауданындағы 6-желі көшесі Нұрлы жол, Түркісіб ауданындағы ауданындағы Парковая көшесі Нұрлы әлем болып өзгереді.
Сондай-ақ, мегаполисте енді Нұрсая, Алтын адам, Әулие ата, Ер Төстік, Арыстан баб, Ақмоншақ, Мың жылқы атаулары мен Гүлбаршын, Гауһар, Аягөз, Лашын, Талшын есімдері берілмек.
Алматы қаласы аумағына қосылған территориялардағы бірқатар көшелерге Кеңес одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов және Талғат Бигелдинов, суретші Сергей Калмыков пен жазушы Герольд Бельгер мен Шыңғыс Айтматовтың есімдері беріледі.
Сонымен қатар, Абай, Сейфуллин, Мақатаев, Әуезов сынды қайталанатын көшелерді де ауыстырады.
Көшелердің толық тізімін мына сілтеме бойынша көруге болады.